Сөз шеберлері сайысы



Наурыздың 2-сі күні Семей қаласының № 37 гимназиясында Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл және қазақ тілінің жанашыры, журналист, сөз шебері Бәтташ Сыдықұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді...» атты сөз шеберлері сайысы өтті.
Сайыс Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-инновациялық Заң университетімен бірлескен жұмыс аясында болды. Сайыстың мақсаты: Қазақ даласында өмір сүрген дуалы, от ауызды, орақ тілді шешендердің сөздерін , Абай Құнанбайұлының ақыл, нақыл, өсиетті сөздерін және Бәтташ Сыдықұлының ұлағатты сөздерін өскелең ұрпаққа насихаттау. Оқушыларды шешендік сөздер арқылы зерделі, білікті де, білімді, ой – қиялы ұшқыр, ақылды, парасатты тапқыр болуға баулу. Сайыс үш кезеңнен тұрды:
- «Бар жазғаны даналық боп саналған...» (сөз шеберлер сайысы)
(Шешендік сөз оқу, Абай афоризмдерін оқу, Б.Сыдықұлының шешендік сөзін оқу)
- «Болмасаң да ұқсап бақ...» (оқушылар шығармашылығы)
- «Жыр жазамын Абайдың үлгісімен...» атты ақындар шеруі (арнау өлеңдер)
Сайыстың шымылдығын «шешендік сөз»сайыстарының жүлдегері 3-сынып оқушысы Ғазиз Батыр ашты. «Б.Сыдықұлы атындағы шешендік сөзөнері» орталығының меңгерушісі Шолпан Махмұтқызы: «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді, Білмесең білгендерден үйрен. Үйренгеннен ештеңең кетпейді»-деген Төле бидің сөзін айта келіп, сайыскерлерді бүгінгі айтылатын өсиетті сөздерден нәр алуға шақырды. Сайыста оқушыларымыздың шеберліктерін бағалап, әділ шешім жасаған университет ұстаздары: Төлебаева Құралай Тоқтарқызы- Қазақ гуманитарлық заң университетінің филология кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к.,Қабышев Талғат Болатұлы- Қазақ гуманитарлық заң университетінің филология кафедрасының доценті, ф.ғ.к.және гимназиямыздағы «Дебат» клубының жетекшісі Киікбаев Азамат Әлтайұлы. Оқушыларымыздың сөйлесе сөздің шешені бола алатындарына риза болған әділқазыларымыз үш кезең бойынша оқушыларымызды мақтау қағаздарымен және арнайы сыйлықтармен марапаттады. Сайыс қорытындысы бойынша: 1-кезеңде:10«А» сынып оқушысы Жұмашева Әсел І орын,Кежал Айзере,Қажымұратов Алихан ІІ орын; Ақабай Мадина , Каримова Алуа ІІІ орын
2-кезең бойынша:7 «А» сынып оқушысы Қайырболатов Ерболат І орын ; 11 «А» сынып оқушысы Аспандиярова Гүлім , ІІ орын; Сақыпджанов Серікжан ІІ орын: 10 «В» сынып оқушысы Токчараев Жасұлан , 5-сынып Қастай Еркежан ІІІ орынды иеленді.
3-кезең бойынша: Шәкәрім атындағы мемелекеттік университетінің студенттері (машықкерлер) және Қазақ гуманитарлық-инновациялық Заң университетінің студенттері өз шығармашылығын оқып көпшіліктің көңілінен шықты. Асқарбеков Жақсылық,Айбек, Болатбекова Аяулым сынды болашақ жас ақындарымыздың өнеріне де риза болдық. Осы сайыстың ұйымшылдықпен өтуіне басшылық жасаған директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Жұмақсанова Гүлназ Мұратқызы және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне алғысымыз шексіз.